scieee Science in your language
[en] (orig)

ФУНКЦИОНАЛДЫ ПРАГМАТИКАДАҒЫ ТІЛДІК ӨРІСТЕР ЖӘНЕ ОНЫ ПРОЗАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР МЫСАЛЫНДА ТАЛДАУ

Author: Кылышбекова Нурсауле Уканбаевна; Бақдәулетова Аружан Болатқызы
Publisher: Zenodo
DOI: 10.5281/zenodo.17703627
Source: https://zenodo.org/records/17703627/files/110-115.pdf
110
ФУНКЦИОНАЛДЫ ПРАГМАТИКАДАҒЫ ТІЛДІК ӨРІСТЕР ЖӘНЕ ОНЫ
ПРОЗАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР МЫСАЛЫНДА ТАЛДАУ
Кылышбекова Нурсауле Уканбаевна
Қазақстан, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы
Алматы облысы бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушысы
Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты
Бақдәулетова Аружан Болатқызы
Қазақстан, Абай атындағы ҚазҰПУ магистранты
DOI: h ps://doi.o g/10.5281/zenodo.17703627
Тіл әлеуметтік өмірде алатын орны бар ерекше күрделі құбылыс
болғандықтан, ол үнемі толығып, үздіксіз дамып отырады. Ғалымдар тіл
адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасап, ой-пікірлерімен алмасып, олардың
өзара түсінісуіне таптырмас қатынас құралы екендігін дәлелдеген.Тіл – көкейдегі
ойды жеткізу құралы ғана емес, сонымен қатар ол адресатқа пікір туындататын
қуатты коммуникация құралы. Зерттеушілер тілдің маңызы туралы айтқан
ғұламалардың пікіріне былайша тоқталады: Әл-Фараби: «Үнінен, тілінен және
дінінен айырылған халық жер бетінен жойылып кетеді» – деп, оның әлеуметтік
қызметі туралы айтады [1], ұлт ұстазы атанған Алаш зиялысы, ғалым
А.Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы
ешуақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да
себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы -тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.
Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға
тырысады», деп саяси тұрғыдан үн қосқан. [2] Тілдік қатынаста қатысымның рөлі
басым. Бұл туралы профессор Ж.К.Балтабаева: «Ғылымда қатысымның өте күрделі
әрекет екендігі дәлелденген.Өмірде адамдар бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынас
жасап, сол арқылы үлкен табыстарға жетеді. Келісу, ақылдасу, дұрыс жол көрсету,
оқыту, үйрету, сөйлесу, қорқыту сияқты т.б. өте күрделі әрекеттердің бәрі тілдің
қатысым әрекеті арқылы жүзеге асады.Өмірді тілдік қатысымсыз көзге елестету
мүмкін емес, демек, тіл-өмірдегі өте күшті құрал» деп нақты тұжырым жасаған[3].
Функционалды прагматиканың өзіне тән категориялары мен тілдік өрістері
(функционалды грамматикадағы тілдік өрістерге ұқсамайды), зерттеу әдістері бар.
Функционалды прагматиканың 5 түрлі өрісі (К. Бюлер):
1.Қозғаушы өріс – сөйлеуші тыңдаушыны іс-әрекетке бірден жұмылдырады. Ол
одағай сөздер, тон (үн, екпін), етістіктерге түскен интонация арқылы жүзеге асады.
Мысалы, Үшінші күні түс ауа мал соңында жүргенде бір бала ентігіп жетіп келді.
111
«Қайыркен көке, мен осында қалам, сізді тез жетсін деп жатыр, келіншектің
бетін ашасыз», -деді.
«- Міне, саған! Тапқан екен бет ашатын кісіні. Япырау, анау сайдың тасындай
сықырлап жүрген жігіттердің арасынан біреуі табылмағаны ма, сонда? Туған
қайнысына бет аштыру ерсі емес пе?» - (Д.Исабеков «Гауһартас») [5]
Автор ентігіп келген баланың әңгімедегі басты кейіпкердің бірі-
Қайыркенге жоғарыдағыдай сөз қозғауына бірнеше жағдаят итермелеп тұр. Содан
кейін өз кейіпкерлерінің сұрағына былай жауап береді: Біріншіден, жайшылықта
ауыз жаппайтын кейбір жігіттер жеме-жемге келгенде сөз таба алмай, ораға
сүйресе де шықпай тұруынан болса екіншіден бет ашқанның несі ескілік? Ол-
халықтың жоралғысы. (Д.Исабеков «Гауһартас») Қазақ психологиясында
келіннің бетін ашу, ата-бабадан келе жатқан аса қастерлейтін дәстүр көрінісі.
Сөйлеу әрекетіндегі етістікке түскен интонация, сөйлеу тоны тыңдаушысын іс-
әрекетке жұмылдырып тұр.
Қазақ тілінде бар, айт, жаз, қара,сөйле т.с.с. етістіктерден кейін леп
белгісі қойылса, мәнмәтінге қарай адресаттың бұйрық, талабынан гөрі өтініш айту
мәні де аңғарылады. Әсіресе, әнеки, мінеки, кәнеки, қане сияқты сілтеу
есімдіктерімен тіркескен бұйрық мәнді етістіктер бірігіп өтініш айту, ілтипат
білдіру мәндерін арқалайды.Мысалы:
-Күнде көріп жүрген бөлімшенің адамдары емес пе? Несіне алға шығады?
-Дегенмен, шықсын! Қане, әлгі жігіттер қайда, келіңдерші ортаға.
Жұрт алдына эскимос болған Сағынтай, пүшту Ергешбай, шүршіт Темірбек
жұрт қыран-топан күлкіге батты. ( Д.Исабеков «Социализм зәулімі»).
2. Дейктикалық өріс – дейктикалық сөздерді қолдану арқылы сөйлеуші (жазушы)
тыңдаушы (оқырман) ойының өзгеруіне ықпал етеді. Дейктикалық сөздерге
есімдіктер, үстеу, етіс, шылаулар, одағайлар жатады. Олар сілтеу я
байланыстырушы қызметте жұмсалып, нақты референтке (сөз болып тұрған затқа)
қайта бағытталып айтылады. Мысалы,
Бақытжан баж ете қалды:
-Сотталамыз ойбай! Осы күні адам түгілі аю атсаң да штраф салады.
Аманжан:
-Бұл жерде сот жоқ. Сүйегін қарға көміп тастаймыз.
Нұржан:
-Сот қайда да сот. Сеніңше, заң қыста аю секілді ұйықтап қала ма?
Бақытжан:
112
-Соны айтамын-ау. Қайдағы бір қайыршы шал үшін көзіміз көгеріп түрмеде
отырсақ...... Құрысын,жатқан жыланның құйрығын баспайық.
Аманжан:
-Ал бұл қоғам үшін өлі ет секілді керексіз адам. Қолқасын суырып қолына берсек,
өкімет бізге сыйлық беруі керек.Бірақ...... өзін бір жерден көрген секілдімін.........
( Оралхан Бөкей. Қар қызы)
Ауызекі сөйлеуде коммуниканттардың эмоциялары бейвербалды амалдармен
танылып, ажыратылады. Көркем мәтінде ол амалдар жазушының баяндау,
сипаттау, суреттеу сияқты сөйлеу типтерімен (түрлері) оқырманға жетіп отырады.
Кейіпкерлердің қимыл-әрекетін сипаттау арқылы көз алдымызда толық тілдік
жағдаят құралады. Мәтіндегі интеракт үш ер адамның арасында түзіледі. Олар
әлдебір шалға ашулы. Жазушы төл сөзбен үш жігіттің пиғылдарын сипаттайды.
Сонымен қатар сұраулы сөйлемдері жазушы сұрау, ақпарат алу мақсатында емес,
қорқу, сақтану, ығу мағынасында қолданып отыр. Тіліміздегі есімдіктерден кейін
келетін осы сілтеу есімдігі, сұраулы есімдіктерден кейін өзі деген есімдіктің қатар
тұруы сөйлеушінің ренішін, белгілі бір затқа шамдану, ашулану мағыналарын да
үстейді. Мысалы:
– Сен де осы қай-қайдағыны шығарасың да жүресiң. Жасыңа жетпей ақылыңнан
алжаса бастағансың-ау! Жақсы көрсем өз балам емес пе?! – Әйеліне ежірейе
қарады.
– Бiресе бала, бiресе мал дей бермей, бiр уақ бiзге де көз қырыңды салып қойсаң
қайтедi, осы?... Бiз де ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пендеміз ғой.»
(Думан Рамазан «Көкжал)
– Бүгiн түсте келмеймiн. Өзi де аш-арық малды онда-мұнда қуалап жүрiп күйiн
кетiрiп алармыз! – дедi әйелiне мойнын бұрып: – Ақжол тұрмады ма, өзi?
– Жоқ, сол кешегi сұлық жатқан күйi жатыр. Бiр жерi майып болмаса сол...
– Майып болмақ түгіл, ғайып болса да өкінерім жоқ!
– Не болған өзі саған, Елубай? – Әйелі тесіле қарады. (Думан Рамазан «Көкжал»)
Ұлтымызға тән асыл қасиеттердің жиынтығын ұлттық код деп
есептейміз. Тілдегі оның көрінісін еркелету, жұбату, мадақтау, қолпаштау мәнді
сөздерден ерекше аңғарамыз. Тіліміздегі еркелету мәніндегі бір шырағым сөзін
түрлі тонмен жұмсай қолдануға болады. Тонның өзгеруі сөйлеушінің қандай
мақсатпен, көңіл-күймен тыңдаушысына қаратып сөз қозғап тұрғаны аңғарылады.
Кейбір көркем шығармаларда шырағым дейксисі еркелету мәнін емес өкпе-назын
білдіру құралы ретінде пайдаланған. Ондағы мақсат адресатқа назын, ренішін
113
білдіре отырып, шырағым, қарағым, айналайын сөздерін қыстыра сөйлеуі жасы
кішіге ізеттілік танытуды көздейді. Мысалы:
– Да, да... қол тимейді. Ұры көп. Аты-жөніңіз? – деді әкеме тіктей қарап.
– Раисов Исахан.
– Сіздің фамилияңыз, апа?
Шешем әкеме:
– Әй шал, айтсаңшы, – деді.
– Ол да Раисова.
– Дұрыс-сс... с... Сиырларыңыздың жасы, түсі, белгілері...
– Үш жасар, көк, құйрығы шуатылған ұзын, мүйізі әдемі, келісті біткен
керіскедей.
– Тұра тұрыңыз, – деді әкемнің сөзін бөліп, – керіскедей деген белгі болмайды. Кім
ұрлап сойды деп ойлайсыз?
– Шырағым-ау, кімнің ұрлағанын білсем, сендерден көмек дәметіп нем бар?
– Дұр-ы... с... ссс... іздейміз, табамыз. Шеше, тағы бір кесе шай құйып жіберіңізші.
Автобустан қалып қоймай тұрғанда қайтайын, асығыспын, жұмыс көп, ұрылар
одан да көп.
Қанат В.В. Окинковты иттен шығарып салды. (Оралхан Бөкей «Көк тайынша»).
[6]
Функционалды прагматикадағы дейктикалық өріс уақыт, адам,
кеңістікте қалыптасып, уақыт дейксисі, адам, тұлға дейксистері деп ажыратылады.
Қазақ тілінде кейін, қазір, осында, мұнда, анда, ана жақта, мына жерде тағы
басқа да уақыт пен кеңістіктік категорияларды көрсететін сөздер бар. Мәселен,
«Шалабай мен Далабайдың жат бауыр, қайырымы жоқ қатыгез болып өсуі
Қожаның шешесі Қадишаның көңіліне сынық түсіріп, ақ сүтін тел еміп өспесе де,
қайындарының айында-жылында: "Жеңеше, аман отырмысың?" - деп сәлем
бермеуі арқасын аяздай қаритын. "Шалдан қалған дүние тең бөлінген жоқ, кемпір
өз ұлы болған соң, Қожаға екі тұсақты бізден жасырып берді, қазір бес қойы
артық болып отырса, ол - сол тұсақтан өрген тұқым", – деп, Шалабай мен
Далабай тапа-тал түсте қозылы қойын айдаттырып алған. (Оралхан Бөкей.
«Ардақ»).
Ал, интерактіде анықталған кейін (құрылымдық тіл білімінде септеулік
шылау, ал функционалды грамматикада кеңістіктік қатынасты білдіретін сөз) сөзі
кейіпкердің көңілсіз күйін, сөйлесуге дайын еместігін аңғартады. Мысалы,
Ш.Мұртазаның Ай мен Айша әңгімесінде:
114
Қырсық қара биеден қалған бурыл тайдың үстінде бір жамбастап, сайдың
ажырық отына жайылып жүрген жылқыға қарап, сүлесоқ отырғанымда, ойда
жоқта алқын-жұлқын Айша жетіп келді.
— Әй, Барсхан, әйда, жүр үйге, — деді.
— Не болып қалды?
— Кейін айтам, жүр, жүр.
Ауызекі сөйлеу тілімізде ондай мысалдар көп: кейін айтам, кейін
сөйлесейік, кейін көреміз, кейін білеміз т.б. Осындай тілдік қолданыстар
сөйлеушінің эмоциялық халінен, коммуникацияға дайын еместігін танытып,
айтайын деген ақпараты толымсыз, жүйесіз екенін аңғартады. Қазақ тіліндегі кейін,
сосын, қазір сияқты шылау сөздер нақты уақыттық өлшемі жоқ, тек сөйлем я
сөйленіс барысында ғана нақтыланады.
3.Экспрессивті өріс – тыңдаушы мен сөйлеуші арасындағы эмоционалды
байланысты реттейді. Бұл өрісте коммуниканттар арасында эмоция, көңіл-күй
байқалады. Мысалы,
— Ата! Шөлдедім!— деп Аманжан айғай салғанда ғана жайбарақат басын
көтеріп тілге келді.
— Саңырау емеспін, неге бақырасың? Суықтан үсіп өлейін деп отырып шөл қысса
не дауа. Есік алдына шық та, қардан көсіп алып асай бер.
Тағы да үнсіздік орнады, Үш жігіт сыртқы киімдерін шешпестен отыр еді,
пысынап терлей бастады. (Оралхан Бөкей. Қар қызы)
4.Оперативті өріс- коммуникация барысында қызметіне қарай есімдіктер, үстеу,
шылаулар сұрыпталып, соған қарай интонация, сөздің орын тәртібі арқылы
қалыптасады. Мысалы,
— Қайда ұйықтаймыз?! Жөніңізді айтпайсыз ба? Әлде... осылай үндемес ойнап
отыра береміз бе?..
Шал самарқау қимылмен басын көтерді:
— Неменеге кергисің-ей, жігітім? Отырғың келмесе есік әне, сыртынан жап,
жөніңді тап. Менің шөбімді әкелетіндей бұлданасың ғой. Әлде, құс төсек берейін
бе? Қисая кетіңдер отырған жерлеріңе.
Аманжан қасындағы Нұржанның құлағына „мынау бір ит шал ғой" деп
сыбырлаған еді анау естіп қалды.
— Не балтай! Осы күніңе зар боларсың,— деп орнынан жас баладай секіріп тұрды.
Жігіттер сасыңқырап қалған. (Оралхан Бөкей. Қар қызы)

115
5.Таңбалар өрісі белгілі бір сөз таптары арқылы туындайды. Заттарды, іс-
әрекеттерді атап көрсетеді. Бұл өрісте сөйлеуші тыңдаушыны сөзге шақырып,
білімін айқындайды. Мысалы:
— Бер, бере сал, ойбай бастан құлақ садақа. Үйге барған соң өз сағатымды берейін
саған... Аманжанның қолынан шөпілдетіп сүйіп жүр. Мынау үйрек ататындай қос
ауызды көздеген шалмен дәл қазір шатақтасудың бекершілік екенін Нұржан да
ұқты. Ыңғайы келіп жатса артынан көрер, бірақ осы сәтте шегіне тұруы
керек:— Бере сал,— деді ол да досынан өтініп.— Бере сал. (Оралхан Бөкей. Қар
қызы).
Тілсіз қарым-қатынас – кинесикалық, просодикалық, такесикалық,
проксемикалық бейвербалды амал-тәсілдер арқылы іс жүзіне асатын қарым-
қатынас түрі. [10] Жоғарыда келтірілген мысалдардан қазақ халқының салт-
дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы халық мінез-құлқын жақсы білетін тәжірибелі
адамдар әр адамның жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінен, қас-қабағынан оның көңіл-
күйін айтпай-ақ сезіп-біліп отыратындығын байқаймыз.Қазақ халқының
тұрмысында біте қайнасып кеткен сан алуан бейвербалды амалдар ұлтымыздың
салт-сана, тәлім-тәрбие, әдеп, үлгі-өнеге, тағылым және таным саласындағы
ғасырлар бойы жинақталған, дәстүрге еніп, қалыптасқан бай қазыналарының бір
тармағы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Ф.Оразбаева, «Тіл кеңістігі» шығармалар жинағы, 3 том.
2.А.Байтұрсынұлы, «Тіл -құрал», Алматы, 2010ж.
3.Ж.Балтабаева, «Тіл дамыту: теориясы мен әдістемесі», Алматы, 2018ж.
4.Аллан Пиз. Язык телодвижений. Как читать мысли окружающих по их жестам, 2003.
5. Д.Исабеков, «Гауһартас» әңгімелер жинағы, Алматы, 2000ж.
6. О.Бөкей, «Қар қызы» әңгімелер жинағы, Алматы, 2021ж.
7.М.Жұмабаев, Педагогика. – Алматы: Рауан, 1992. – 154 б.
8.Б.К.Момынова, К.Б. Слямбеков, О неязыковых кодах коммуникации. Til anym. 2021;(4):47-59.
9.Д.Рамазан, «Көкжал» әңгімелер жинағы, Алматы, 2019ж.
10.Ахметова Ж., Макеева Ж., Бейвербалды қарым-қатынастың ұлттық сипаты,Алматы,2013ж.