scieee Science in your language
[en] (orig)

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДА МЕТАПӘНДІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТЕР АРҚЫЛЫ ОҚУ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ

Author: Сұлтанбек Дулат Мейрамбекұлы
Publisher: Zenodo
DOI: 10.5281/zenodo.17704398
Source: https://zenodo.org/records/17704398/files/307-312.pdf
307
ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДА МЕТАПӘНДІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТЕР АРҚЫЛЫ
ОҚУ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ
Сұлтанбек Дулат Мейрамбекұлы
Қазақстан, Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты
DOI: h ps://doi.o g/10.5281/zenodo.17704398
Тақырыптың өзектілігі: Қазақ тілін оқытуда метапәндік құзыреттіліктер
арқылы оқу сауаттылығын дамыту – бұл қазіргі білім беру жүйесінің ең өзекті және
маңызды бағыттарының бірі. Метапәндік құзыреттіліктер дегеніміз – оқушының
белгілі бір пән аясынан тыс, әртүрлі пәндерге ортақ, әмбебап оқу іс-әрекеттерін
(танымдық, реттеушілік, коммуникативтік) жүзеге асыру қабілеті. Бұл
құзыреттіліктер оқушыға:
• өздігінен білім алуға (оқу әрекетін ұйымдастыру, мақсат қою,
жоспарлау).
• ақпаратпен жұмыс істеуге (іздеу, талдау, өңдеу, қорытындылау).
• өмірдегі мәселелерді шешуге (шешім қабылдау, сын тұрғысынан
ойлау).
• тиімді қарым-қатынас жасауға (диалог, пікірталас, өз ойын дәлелдеу)
мүмкіндік береді.
Оқу сауаттылығы (функционалдық сауаттылықтың бір бөлігі) – бұл адамның
жазбаша мәтіндерді түсінуі, қолдануы, мәтінге қатысты ой толғауы, жаңа білім
игерудегі әдіс-тәсілдерді қолдануы және әлеуметтік ортаға бейімделуі. Кезінде бұл
тұрғыда Алаш зиялылары да көптеген тұжырымдар жасаған. М.Дулатұлы: «Жас
балаларды оқыған нәрсесі хақында ойлануға, оның мағынасын, қасиетін сездіруге
қалай үйретпек керек? Балалар оқыған нәрсесін бір-біріне ұйқастырып ойлануына,
оқып шыққаннан кейін жадында ретті һәм толық мағынасымен қалдыруға
әдеттендіру керек», [2] деп өзінің Орынборда 1923ж. жарыққа шыққан «Қирағат»
кітабында тоқталып кеткен. Интербелсенді әдістер мен танымдық тапсырмалар
оқушылардың тілдік және әдеби сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың
метапәндік құзыреттіліктерін дамытуға да ықпал етеді. Метапәндік құзыреттілік
оқушылардың түрлі пәндер арасындағы байланысты түсінуіне, алған білімдерін
өмірде қолдана білуіне, сыни ойлау, шығармашылық және коммуникативтік
дағдыларын жетілдіруге көмектеседі. Оқытудағы метапәндік тәсілдің нәтижесінде
білім алушыда келесі мета-дағдылар – жалпы білімдік, пәнаралық танымдық
дағдылар қалыптасады: теориялық ойлау, сыни тұрғыдан ойлау, шығармашылық
ойлау, өзін-өзі дамыту дағдылары, ақпаратты өңдеу дағдылары, ойлау сапасы.
308
Сыни тұрғыдан ойлау, шығармашылық, бастамашылық, көпмәдениеттілік,
жаһандық сана, экожүйелік сауаттылық, үздіксіз білім алуға дайын болу және тағы
басқа сол сияқты тез өзгеретін шындыққа бейімделуге мүмкіндік беретін әмбебап
қасиеттердің жиынтығы болуы қажет. Сондықтан мемлекеттік білім беру
стандартының талаптары негізгі білім беру бағдарламасын меңгерудің пәндік
нәтижелеріне қол жеткізумен қатар, білім алушылардың метапәндік білім беру
нәтижелерін дамыту сияқты маңызды міндетті көрсетеді. Оған оқу және бағалау
дербестігі, метатанымдық дағдылар, рефлексияға қабілеттілігі, өзін-өзі
ұйымдастыру және өзін-өзі бағалау дағдылары, коммуникативті дағдылар және т.б.
кіреді. [2]
Зерттеу материалдары мен әдістері. Зерттеуде мынандай әдістер
қолданылды:
– теориялық: талдау, синтездеу, салыстыру және жалпылау, модельдеу;
– эксперименттік: тікелей және жанама педагогикалық бақылау,
педагогикалық эксперимент, коммуникациялық жаттығулар, интербелсенді
әдістерді қолдану.
Әдістеменің нысаналы компоненті Қазақстан Республикасының Жоғары
педагогикалық білім беру тұжырымдамасының, Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының, Қазақстан
Республикасының Мемлекеттік стандартының талаптарын ескере отырып
қалыптастырылған, өзін-өзі дамытушы тұлғаға бағытталған мақсаттардың
жиынтығын білдіреді. [3]
Мысалы, 7-сынып оқушылары жас ерекшеліктеріне байланысты абстрак тілі
ойлау дағдыларын қалыптастыра бастайды, сондықтан олардың тілдік және әдеби
қабілеттерін кешенді түрде дамыту маңызды. Қазақ тілі мен әдебиетін
байланыстыра оқыту арқылы оқушылар тек грамматикалық, орфографиялық
нормаларды меңгеріп қана қоймай, көркем шығармалардың мазмұнын терең
түсініп, өз ойын еркін әрі дәлелді жеткізуге үйренеді. Бұл әдістеме олардың
зерттеушілік қабілеттерін, коммуникативтік мәдениетін және функционалдық
сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді. Сауалнама жүргізу,ғылыми-
педагогикалық әдебиеттерді талдау, негізгі жалпы білім беру сатысына арналған
нормативтік және оқу-бағдарламалық құжаттаманы зерделеу, білім беру
стандарттарының талаптарын салыстыру, сондай-ақ инновациялық педагогикалық
тәжірибені жалпылау жалпы білім беру жүйесінде білім алушылардың метапәндік
құзіреттілігін дамыту процесінің көпфункционалды моделін жобалауға мүмкіндік
берді. Қазақ тілі мен қазақ әдебиетін байланыстыра оқытуда қалыптасатын
309
метапәндік құзыреттерді дамыту үшін әр түрлі іс-әрекет түрлері, ең алдымен,
мәтінмен жұмыс істеудің әртүрлі әдістері қолданылады. Қазақ тілі сабағында
мәтінмен жұмыс істеудің мақсаты – тіл заңдылықтарын түсіну, оның әр түрлі
деңгейдегі ерекшеліктерін анықтауға үйрету болса, қазақ әдебиеті сабағында
мәтінмен жұмыс жүргізуде оқылған мәтінді түсіну және өз сөзімен баяндау, талдау,
ой қорытындысын жасау жүзеге асырылады. Сондықтан қазақ тілі мен қазақ
әдебиеті сабақтарын байланыстыра оқытуда біршама нәтижеге қол жеткізеріміз
даусыз.
Кіріспе. Білім берудің жаңа парадигмасы оқушыларда әлемнің біртұтас
бейнесін қалыптастыруда пәндік білім, білік және дағдыларды жеке-жеке емес,
кешенді түрде меңгертуді және білім алушының әмбебап оқу әрекеттерін өз
бетінше ұйымдастыра алу, білімі мен біліктерін ортаның жиі өзгермелі жағдайына
қарай оңтайлы пайдалану, өзін-өзі басқара алу, өзіндік білім алу қабілеттерінің
болуын талап етуде. Білім алушылардың негізгі қабілеттерінің даму деңгейін
метапәндік оқытудың нәтижесі ретінде қарастыру әлдеқайда ыңғайлы және дұрыс
нәжитеге бағытталған. Метапәндік тәсіл оқу пәнінің ең маңызды ұғымдарын
түсінуді, оқу әрекетінің болуын, оқушылардың пәндік қабілеттерін қалыптастыру
мен дамытуды, әртүрлі оқу материалдары бойынша білімді толық қамту,
рефлексиялық белсенділіктің болуын білдіреді. Метапәндік құзыреттіліктер
метапәндік дағдылар арқылы қалыптасатыны белгілі. Метапәндік дағдылар – бұл
әртүрлі салалар мен контекстілерде білім мен дағдыларды жалпылауға және
қолдануға мүмкіндік беретін пәннен тыс дағдылар. Білім беру үдерісінде
метапәндік дағдыларды қалыптастыру дегеніміз – білім алушының шынайы
өмірмен байланысты үнемі өзін-өзі дамытуы, оның жеке, тұлғалық қасиеттерінің
жетілу күйін білдіреді. Бұл барлық пәндерді байланыстыратын және білім
алушыларға ақпараттың үлкен көлемін меңгеруге көмектесетін метапәндік
нәтижелерге бағыттайды. Олар әртүрлі салалардағы білімді біріктіруді қажет
ететін күрделі мәселелерді шешу қабілетін қалыптастырады және белгілі бір білім
саласын шектемей, ғылыми әрекет және оқу пәндерінің негізінде жатқан жалпы
принциптер мен заңдылықтарды түсінуге ықпал етеді. Көптеген метапәндік
дағдылар жұмсақ дағдыларға ұқсас. Алайда, жұмсақ дағдылар әртүрлі ортада және
әртүрлі адамдар арасында бейімделетін тұлғааралық дағдыларды білдіруге бейім
болғанымен, метадағдылар тұрақты болып табылады. [4] Негізінен алғанда көркем
шығарма жасанды тілде орта қызметін атқарып, байланыстырып сөйлеуге үйретуде
үлгі болады. Бірақ ол көркем шығарманың бір қыры ғана, көркем шығарма
соншалықты сан алуан қырлы, адамға әсері де, маңызы да өте күшті. Сондықтан
310
ұлы Абай тілді өнер санаған. Ол «Тіл өнері дертпен тең» және «Өнер алды-қызыл
тіл» дегені белгілі. Ал, неміс жазушысы Анонфейхтвангер «Көркем әдебиет жас
баланы саяси қайраткерлікке дейін тәрбиелейді» деген. Демек, көркем шығарма –
баланы жан-жақты тәрбиелеудің күшті құралы. [5]
Материалдар мен әдістер. Қазақ тілі мен қазақ әдебиетін байланыстыра
оқытуда қалыптасатын метапәндік дағдылар:
– әртүрлі дереккөздерден ақпаратты алу мүмкіндігі;
– жоспар құруға үйрету;
– берілген тақырып бойынша материалды таңдай білу;
– кестелерді, диаграммаларды, графиктерді құра білу.
– дәйекті ауызша мәлімдеме құра білу;
– орфографиялық және грамматикалық нормаларды сақтай білу;
– сөйлемнің интонациялық маңызды бөліктерін ерекшелеу мүмкіндігі;
– берілген ақпарттардағы белгілі бір сөйлеу мәнерін сақтай білу;
– әртүрлі көрнекі құралдарды пайдалана білу;
– өз пікірін айта білу және оған дәлел келтіре білу;
– ғылыми зерттеу жұмыстарын дайындай білу;
– мәтінді қайталап айта білу (тегжейлі, таңдамалы, қысқаша);
– пікірталасқа қатысу, пікірталасты жүргізе білу.
Мысалы, 7 сыныпта қазақ тілі мен қазақ әдебиетін байланыстыра оқыту
арқылы метапәндік құзыреттіліктерді дамытудағы ерекшеліктерге талдау жасайық:
– Қарастырылатын тақырыптар мен тапсырмалардың,
тұжырымдамалардың күрделене түсуі. Оқытудың осы кезеңінде білім алушылар
пәндік білім мен ұғымдарды тереңірек зерттеуге тап болады. Тақырыптар
күрделене түседі және абстрактілі болады, бұл білім алушылардан абстрактілі
ойлау арқылы түсіну мен талдаудың жоғары деңгейін талап етеді. Білім
алушылардың мектепте орындайтын көптеген тапсырмалары абстрактілі ойлауға
байланысты. Қазақ тілі сабақтарындағы сөйлемге грамматикалық талдау жасау
тапсырмалары көбінесе абстрактілі болады. Олар әрқашан тілдік бірліктер мен
тілдік талдау операцияларын тұжырымдарға бағыттау қабілетіне сүйенеді.
– Білім алушылардың жеке өзіндік пікірін қалыптастыруға, тұлғалық
қабілетіне қойылатын талаптарды арттыру. Бұл жерде интербелсенді әдістер
мен оқыту тәсілдерін қолданып өз ұстанымын дәлелдеуге көбірек еркіндік беріледі.
– Шығармашылық оқу ортасын құру, алған білімді шынайы өмірмен
байланыстыру. Бұл кезеңде сыни ойлауды дамытуға және тапсырмалар мен
міндеттемелерді шығармашылық жолмен шешуге баса назар аударылады. Білім
311
алушылар жаңа және стандартты емес тапсырмаларды орындау үшін өз білімдері
мен дағдыларын қолдана білуі керек.
Әдебиеттерге шолу. Метапәндік құзіреттіліктер білім алушылардың бірнеше
оқу пәндері негізінде игерген білім беру процесі шеңберінде де, нақты өмірлік
жағдайларда да қолданылатын іс-әрекеттердің жалпыланған тәсілдер жиынтығы.
Метапәндік тәсіл оқу пәндерін қауымдастыққа қосып, біліммен жұмыс істеу
тәсілдерін беру мақсатында білім алушылардың іс әрекеттерін ұйымдастыру, оқу
пәнінің маңызды ұғымдарын жете ұғыну, мән-мағынасын түсіну білім беру
қызметінің болуы, оқушылардың базалық пәндік қабілеттерін қалыптастыру және
дамыту, әр түрлі оқу материалында білімді ашу тәсілін қолдану рефлексивті іс-
әрекеттің болуы.
Әр алуан білім саласынан мағлұматтарды интеграциялау үшін, алдымен,
олардың негізін құрайтын басты немесе жетекші ғылыми ұғымдар, заңдылықтар,
теориялар, идеялардың ортақ іс-әрекеттер мен әдіс-тәсілдері анықталуы керек және
анықталмаған жағдайда әр текті білімді табиғи бірлікте болатындай етіп
«зорлықпен» кіріктіру білім мазмұнының пайдасын емес зиянын тигізетінін атап
өтеді. [6]
Білім мазмұны интеграциясының психологиялық негізі ретінде
А.А.Бейсенбаева, С.Рахметқызы, Т.Қ.Оспанов, Ә.М.Мұханбетжанова білімді
ассоциативтік ойлау идеясын негізге алады.
Пәнаралық байланыс арқылы оқушылардың жеке пәндерден алған білімі
барынша күрделенсе, тиянақтала түседі, оқушылар бір пән аясымен шектелмей,
оны өзге сабақтас пәндермен байланыстыра отырып, пәнді еркін меңгеруге
мүмкіндік алады. Бұл – оқушының белгілі бір пәннен алған білім шеңберінің
кеңеюіне, басқа сабақтас пәндердің мүмкіншілігін пайдалана білу деген сөз. [7]
Метапәндік байланыс әлемді тұтас қабылдау идеясын негізге алады. Бұл идея
пәндер арасындағы алшақтық, бытыраңқылық мәселесін шешуді көздеп,
пәнаралық өзара әрекеттесу, қоғамда ойлау мәдениетін, тұтас дүниетанымды
тұжырымдауға негізделеді.
Пән арасындағы сабақтастық пән мазмұнын меңгеруге оң ықпал етеді. Білім
мазмұнындағы сабақтастық – пәндік мазмұнды дамытып, еңбек тақырыбын
кеңейту және тереңдету арқылы жоғары деңгейге жету деген міндеттерді алға
тартады [8] Пәнаралық байланыс – ғаламдық тұтастық диалектикалық
заңдылықтарды ғылыми тұрғыда, жүйелі түрде қарастырып пәндік бірлестік
негізде жаңа мазмұндық идеяға жетелейтін педагогикалық үдеріс. [9]
Нәтижелер мен талқылау.

312
1. Тілдік норманы меңгеру – әдеби мәтінді түсіну деңгейі (Оқушы тіл білімін
неғұрлым жақсы меңгерсе, көркем шығарманы терең түсінуі де артады.)
2. Сөздік қоры – көркем тілмен сөйлеу дағдысы (Қазақ тілінде сөз байлығын
дамыту – әдебиеттегі образды, бейнелі тілді қолдануға әсер етеді.)
3. Морфологиялық/синтаксистік білім – әдеби талдау жасау қабілеті (Мысалы,
сөйлем құрылымын тану – кейіпкердің сөйлеу мәнерін, автор стилін түсінуге ықпал
етеді.)
4. Орфография, пунктуация – эссе, шығарма жазу сапасы (Тіл пәніндегі
сауаттылық – әдебиеттегі жазба жұмыстардың сапасына тікелей әсер етеді.)
5. Коммуникативтік құзыреттілік – кейіпкерлерді талдау мен диалогты түсіну
(Тіл арқылы қарым-қатынас жасай білу әдебиеттегі кейіпкер арақатынастарын
талдауда маңызды.)
6. Тілдік стильдер – әдеби стильді тану (Қазақ тіліндегі стильдер жайлы білім
– әдеби мәтіннің стилін дұрыс анықтауға көмектеседі.)
Қорытынды. Метапәндік құзыреттіліктерді дамыту қазақ тілі сабағын жай
ғана грамматикалық ережелерді үйретуден гөрі, оқушының функционалдық
сауаттылығын арттыратын, алған білімін өмірде қолдануға бағытталған тиімді
құрал екенін көрсетеді. Бұл жаңа білім беру парадигмасының басты талабы болып
табылады.
Әдебиеттер:
1. М.Дулатұлы, Бес томдық шығармалар жинағы, 4 том-Ағартушылық бағыттары еңбектері
мен оқу құралдары. Қирағат кітабы, 14 бет.
2. С.Т. Айтбаев, А.Д. Майматаева, Метапәндік нәтижелерді қалыптастырушы бағалау
үдерісінде модельдеу. Ясауи университетінің хабаршысы, №4 (126), 2022ж.
h ps://doi.o g/10.47526/2022-4/2664-0686.28
3. Государственная программа развития образования Республики Казахстан, на 2011–2020.
[Электронды ресурс]. URL: h p://www.edu.go .kz
4. 5-9-сыныптардың білім алушыларының пәндік және метапәндік дағдыларын дамыту үшін
тапсырмалардың алуан типтері мен түрлерін әзірлеу бойынша әдістемелік ұсынымдар,
Астана: Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, 2023ж.10 бет.
5. Қ.Мендаяхова, «Ауыз әдебиеті арқылы байланыстырып сөйлеуге үйретудің әдістемесі»,
Алматы-2015ж. 4 бет.
6. Г.С. Саудабаева, Г.К. Шолпанқұлова Пәнаралық байланыс незінде студенттерде метапәндік
құзіреттерді қалыптастыру, Абай атындағы ҚазҰПУ-ң хабаршысы «Педагогика ғылымдары»
сериясы, №1(65), 2020 ж.
7. Оразахынова Н.А. Пәнаралық байланыс оқу-тәрбие жұмысын жетілдірудің негізгі бір жолы:
пед. ғыл. канд. ... дис. – Алматы, 1993 ж. - 189б.
8. Жиенбаев С.Н. Бастауыш сынып оқушыларының еңбек іс-әрекеті тәжірибесін
қалыптастырудың ғылыми негіздері: пед. ғыл. док. ... автореф. – Алматы, 2009 ж., 49 б.
9. Р.А. Дарменева, Пәнаралық байланыс негізінде студенттердің эстетикалық талғамын
дамытудың педагогикалық шарттары: пед. ғыл. канд. ...дис. – Алматы, 2007ж.